Білім беру мазмұнын жаңартудың келесі кезеңі

27 тамыз күні Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қазақстандық білім берудің жаһандық құндылықтары мен сапасы» атты республикалық білім және ғылым форумы аясында жаңартылған білім мазмұны бойынша оқу бағдарламаларының ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында облыс педагогтары секциялық отырыстарда бас қосты. Отырысқа Семей қаласының және Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Курчатов, Тарбағатай, Үржар аудандарының жалпы білім беретін мектептерінің 9,10 сынып мұғалімдері қатысты. Өңірдегі жалпы білім беретін мектептерден 700-ге жуық педагогтер жиналды.

Пленарлық сессия барысында мектеп директоры Бағдан Қайыржанов сөз алып, 2019-2020 оқу жылындағы 9,10 сыныптардағы жаңартылған білім мазмұны жайында баяндама жасады. Қатысушылар жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық пәндерді оқыту және ағылшын тілінде оқытатын пәндер (CLIL) бойынша зияткерлік мектеп ұстаздарының шеберлік сағаттарында біліктіліктерін жетілдірді. Барлығы 28 пәндік шеберлік сыныбы өткізілді. Іс-шараны өткізуге Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагогтары қолдау жасады. Секция отырысында мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында әдістемелік өнімдер көрмесі мен «жүктеу аймағы» жұмысы және оқу- әдістемелік құралдардың сатылымы ұйымдастырылды.

Дидар Үсенова,
Педагогикалық шеберлік орталығының әдіскері