Ұстаздардың кәсіби дамуын көздеген аймақтық конференция

Мамыр айының соңғы күні Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Зерттеу жасап, өзіңді дамыт» атты аймақтық конференция өтті. Конференцияға зерттеу жұмыстарын жүргізген немесе жүргізіп жатқан (Action Research, Lesson Study), мектеп мұғалімдері мен көшбасшылары, Өскемен, Павлодар қалаларындағы Зияткерлік мектеп өкілдері, «Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің» педагогикалық факультеттерінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу контекстіндегі білім беру жүйесі үшін өзекті мәселелер бойынша ашық пікірталас, аймақтағы мектептерде «Action Research» және «Lesson study» жобасының даму үдерісі бойынша тәжірибе алмасу, мектеп мұғалімдерінің педагогикалық тәжірибесін бірлесіп зерттеу арқылы желілік қоғамдастық құру, мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерінің зерттеу жүргізуге ынтасын арттыру, мектептерде ғылыми мәдениетті дамыту сынды бүгінгі күнгі білім саласындағы ең өзекті мәселелерді басты мақсат етіп алған конференция жоғары деңгейде өтті.
Конференцияның пленарлық бөлімінде сөз алған мектеп директоры Бағдан Қайыржанов бүгінгі ұстаз өзінің іс- әрекетін зерттеу керек екендігін, сол зерттеудің нәтижесі айналып келгенде оқушының пайдасына шешілу керектігін атап өтті.
– Ол үшін оқушыға моральдық-психологиялық климат жақсы болатындай жағдай тудыру керек.  Ол үшін зерттеу керек. Бұндай зерттеулер дамыған елдердің қолданысында ертеден бар. Біздің мемлекетте соңғы 5 – 6 жылдың көлемінде дамып келеді. Өңірімізде осы зерттеуді дамытушы  біздің мектеп. Ендігі мақсатымыз – соны сіздермен бөлісу. Сондай-ақ сіздердің араларыңызда да тәжірибелі ұстаздар бар. Солардың еңбектерін өзімізге алу. Бүгінгі конференция табысты өтетініне сенімдімін, – деді Бағдан Тоқтамысұлы өз сөзінде.
Бұдан әрі ұстаздар постерлік таныстырылымдарға қатысып, түрлі секцияларда жұмыс жасады. Осы жұмыс секцияларында қатысушылар Зияткерлік мектеп ұстаздарының жетекшілігімен «Зерттеу сұрағы: теориядан практикаға қалай көшуге болады?», «Lesson Study мұғалімдердің ынтымақтастығы мен кәсіби дамуының тиімді құралы ретінде», «Зерттеулердегі академиялық адалдық», «Белсенді оқытуды ұйымдастырудың зерттеу әдісі», «Оқушының дауысы», мұғалімдердің зерттеулеріндегі оқушылардың рөлі қандай?, «Мектептің зерттеу мәдениеті деген не және оны қалай қалыптастыруға, дамытуға және енгізуге болады? Ол мектепті өзгерте ала ма?, «Әрекеттегі зерттеу жеке, кәсіби дамуды және мектептің дамуын қаншалықты арттыра алады?» деген тақырыптарда тартысты пікір-таласқа толы өз ойларын ортаға салды.
Сонымен бірге жаңартылған білім беру мазмұнын енгізудің тәжірибесіне сүйене отырып, қатысушыларға оқыту мен үйретуді бағалауға қайта мән беру,  мұғалімдердің педагогикалық дағдыларын дамыту мен тәжірибе алмасуда мұғалімдерге қалай қолдау көрсетуге және оқытудағы кәсіби білімді дамытуға қалай жәрдемдесуге болатындығы жөнінде де айтылды.
Конференция соңында кері байланыс орнатылып, қатысушыларға сертификаттар мен дипломдар табысталды.