Робототехникадан аймақтық сайысы «Ақылды қалаға» арналды.

«World Robot Olympiad»  – оқушылар мен студенттер арасында дәстүрлі түрде өтетін халықаралық жарыс. Дәл осы жарыстың Қазақстанда облыстық, республикалық деңгейде өткізу құқына «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ие. 10 мен 21 жас аралығындағы жеткіншектер арасында өткізілетін сайыс биылда бір мезетте еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылды. Шығыс өңірдің дарынды оқушылары үшін биылғы сайыс Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында өтті. Сайысқа Өскемен, Семей, Курчатов қалаларынан бөлек, бірнеше ауданнан 70 команда қатысып, 135 оқушы өз бақтарын сынады. Роботтар футболы, ашық категория (шығармашылық), сумо, сызық бойымен қозғалу (инверсия) сынды кезеңдері бойынша өз шеберліктерін көрсеткен оқушылар жансызға жан бітіре алатындықтарын дәлелдеді.
– «World Robot Olympiad»  әр маусым сайын сайыстың тапсырмаларына қатысты тақырып таңдайды. Биылғы тақырып – «Smart Cities» яғни, ақылды қалалар. Жалпы роботтар арқылы қаланы қалай жақсартуға болады? Шын мәнінде ол мәселені шешудің жолдары өте көп. Мәселен, бүгінгі сайысқа қатысатын орта топ өкілдері роботтар көмегімен ғимараттардағы жарық шамдарын өздігінен алмастыра алатынын тапсырма арқылы көрсететін болады. Егер дәл осы тапсырманы одан әрмен жетілдіріп, дамыған елдердегідей қолданысқа енгізер болсақ, біраз жүктемеден арылар едік. Осы сияқты такси қызметінде автоматтандырылған жүйесін жоба ретінде оқушыларымыз көрсетеді. Біздің мақсат – талантты жастарға қолдау білдіру, -дейді сайыстың бас төрешісі Бақытбек Орынбаев.
Сайыстың облыстық кезеңіне қатысушылардың бірі – Мирас Мұратханов. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 сыныбында оқитын ол робототехникамен соңғы екі жылдан бері жақсы таныс. Тіптен 2 мәрте республикалық, 2 мәрте халықаралық сынға қатысып, тәжірибе жаинақтап үлгерген.
– Робототехника әлем болашағы. Ол арқылы біз өз өмірімізді жеңілдете аламыз. Робот құрастыруға қызығушылығым ерекше. Адамның ойлау жүйесіне пайдасы көп. Өзім есейіп келе жатқанымды байқаймын. Жалпы роботехникада өткізілетін жарыс тек қана бәсеке емес, қоғамға пайда әкелетін жобалардың жиынтығы. Тек қолдау болып, қолданысқа енгізе алсақ болғаны. Осы сайыстың арқасында еліміздің, тіптен әлемнің әр түкпірінен достар таптым, – дейді Мирас өз сөзінде.
Қазір робототехникаға қызықпайтын бала жоқ. Тіптен ауыл балалары үшін де бұл қызығушылыққа қолжетімді. Сайысқа Абай ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептен қос шәкіртін үкілеп қосқан физика-информатика пәнінің мұғалімі Ләйла Мұқатованың сөзіне қарағанда, ағымдағы оқу жылында робототехника үйірмесіне жазылушы балалардың саны артқан.
–  Әдетте қыздар робототехникаға аса көп қызыға қоймайды. Бірақ мен еш қиналмай бірден шешім қабылдадым. Үйірмеге қатысу арқылы жылдам ойлап, ширақ қимылдай бастадым. Робототехника физика, математика, информатика пәндерін жетік меңгеруге де көмектеседі, -дейді ауыл мектебінің оқушысы Камал Аманғазықызы.
Мектебімізде екінші мәрте өткізілген сайыстың облыстық кезеңі қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Oskemen Football Team», «InfinitySpace», Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Tensors», «Любайн», Өскемен қаласындағы «Жас техниктер клубы» МҚКК «Пираты», Семей білім –инновация лицейінің «On the edge of Zhetishatyr», № 15 орта мектептің «Robo Sem 15», “№22 жалпы орта білім беретін мектеп-лицей”КММ –нің  «Element22» командалары өз топтары бойынша жеңіске жетті. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен марапатталса, сайыстың өтуіне үлес қосқан төрешілер сертификаттар табыс етілді.