Жаңартылған білім мазмұны бағытындағы жұмыстар жалғасуда

«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болмақ» Еліміздің Тұңғыш Президенті- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы осы сөздер Зияткерлік мектептерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Отандық білім саласы жаңартылған білім беру мазмұнына көшуді бастағалы өскелең ұрпақты бүгінгі заман талабына сай оқытып, тәрбиелеу ісінде ауқымды шаралар атқарылып-ақ келеді. Арқалаған жүгі ауыр міндетті атқарушылардың бірі – Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі. Ағымдағы оқу жылы басталысымен қала, өңір ұстаздарымен бірнеше мәрте жүздескен мектеп ұжымы жуырда тағы бір үлкен басқосу ұйымдастырып, мұғалімдер біліктілігін арттыруға бағытталған семинар өткізді.
– Бұл жолғы семинар 3 күнге созылды. Соның алғашқы күні ұстаздардың біліктілігін арттыруға арналды. Сонымен қатар, қаламыздағы бірнеше мектепте пәндік секциялар бойынша семинарлар өтті. Ол жерде біздің мұғалімдеріміз орта мектептердегі әріптестеріне әдістемелік көмектерін берді. Ал семинардың соңғы күні облысымызға қарасты ауыл мұғалімдеріне қажетті әдістемелік көмектерімізді, дәрістерімізді бердік. Міне осы 3 күннің ішінде мыңнан аса мұғалім қатысып, өздеріне қажетті кезекті білімдерін толықтырды, -дейді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының бейінді – экспериментальдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Райгүл Қайыркенова.
3 күндік іс-шара түрлі тақырыптарды қамтыды. Атап айтсақ,  «Білім беру саласындағы басшылардың кәсіби дамуы», «Педагогтардың  кәсіби  әлеуеттерін  арттыру», «Бағдарламалар бойынша үйлестірушілер. Оқытудың  белсенді  түрлері (Диалогтық оқыту)», « Критериалды бағалау  бойынша  үйлестірушілер. Қалыптастырушы бағалауды  жоспарлау, ұйымдастыру және  өткізу», «Инновациялық  кітапхана   жұмысының  тәжірибесін  тарату», «Рухани  жаңғыру  бағдарламасы  контексі аясында  тәрбие  жұмысын ұйымдастыру» секциялары.
Семинарға қатысып өз біліктілігін көтеруді көздегендердің бірі – Көкпекті ауданындағы орта мектептің мұғалімі Нұржан Аубакиров.12 жылдық еңбек өтілінде ауыл балаларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келе жатқан жас маман Зияткерлік мектепте ұйымдастырылатын шараға қуана келіп қатысады. Дәстүрлі оқыту жүйесінен жаңартылған білім мазмұнына көшу арқылы өз тәжірибесін ұштап келе жатқан ол жаңа бағдарламаның тиімді жақтары көп екенін алға тартады.
-Жаңартылған білім мазмұнына қатысты семинарларға қатысып, оқып үйренгелі мұғалімдердің жұмысы, жүктемесі едәуір жеңілдеді деп айта аламын. Өйткені, көптеген тың әрі жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп жатырмыз. Міне осы әдіс-тәсілдерді іс-тәжірибемізде қолдану арқылы мұғалім тек ұйымдастырушы рөлін атқарады. Ал оқушы өз алдына ізденіп, білім деңгейін көтереді, – дейді Нұржан Сайлаубекұлы.
Жоспарлы семинардың күн тәртібіне сәйкес, серіктес № 31 орта мектеп ұстаздары мен оқушылары үшін кезекті кездесу өтті. Бұған дейін Зияткерлік мектептегі «Көшбасшылар кеңесінің жұмысы», «Әлеуметтік жобалар» бойынша іс-тәжірибе алмасса, бұл жолғы кездесуде тың тақырып төңірегінде ой бөлісті. Бұл жолғы семинарға ұстаздар ғана емес, оқушылар да белсене қатысып, орта мектептердегі замандастарына өз білгендерін үйретті.
Дәл осындай мектеп оқушыларының бір-бірімен араласып, қарым-қатынас жасауы бала бойындағы креативтілік, сыни ойлау, коммуникативтілік және командада жұмыс істей білу секілді қасиеттер аша түсуге мол септігін тигізеді. Бұл ретте Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық іс-тәжірибесін орта білім беру жүйесіне таратудың маңызы арта түседі.
Бұл жолғы  семинарлардың тағы бір өзгешілігі «Зерттеу  жұмыстарын ұйымдастыру»   бағытына  ЖОО мен мұражай, мұрағат қызметкерлері  шақырылды.  Қатысушылар кері байланыста бірқатар ұсыныстарын айтты. Солардың қатарында: НЗМ базасында конференция, фестиваль, «Оқушылар идеясы» сайысы өткізілсе; Мектепішілік  ғылыми зерттеу жұмыстары конференциясын өткізгенде НЗМ пән мұғалімдері әділқазылар құрамында болса; НЗМ оқушыларымен байланысты одан әрмен жандандыра түссе,жобаны рәсімдеу бойынша коучинг өткізілсе деген өтініштер болды.
– Біз өткен тоқсан бойы өткізілген тәжірибе алмасу жұмыстарына сараптама жасадық. Сараптамаға қала мектептерінің мұғалімдері қатысты. Сараптама сауалнама жүргізу және сұхбат алу сынды 2 бөліктен тұрды. Міне осы сауалнама мен сұхбат алудың қорытындысы бойынша мұғалімдер тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштерді ескерумен қатар Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өткізіліп жатқан семинарлардың аса қажет екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл отандық білім саласының алға басуында өзіндік үлесі бар, -дейді семинар жайлы қорытынды ойын айтқан Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының бейінді – экспериментальдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Райгүл Қайыркенова .
Сонымен қатар, қатысушылар алдағы семинардан «Модерация қалай өткізілуі керек?», интернет ресурстарды қолдану жайында ақпарат алғылары келетіндіктерін айтты.  Тіптен «Тайм-менеджмент» туралы семинар өткізуді сұрағандар да болды. Әдістемелік бірлестік жетекшілері де өз тарапынан бірнеше ұсынысты ортаға салды.  Осы сұрақтар алдағы уақытта ескеріліп, барлығы қанағаттандырылатын болады.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі