Тәрбиешілер тәжірибе таратады

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына арнаған биылғы Жолдауында атап өтілген Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқу тәжірибесін тарату тапсырмасына орай нақты істерді жүзеге асырып жатқандар қатарында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасы тәрбиешілері де бар. Соңғы 2 жылдан бері жатақханада тұрып білім алатын шәкірттерімізге қосымша білім мен тәрбие беріп келе жатқан «Тәрбиешілер» әдістемелік бірлестігі өздерінде қалыптасып, бір ізге түскен озық тәжірибелерін өзгелермен бөлісуге әрқашан дайын.
-Жатақханамыздың құрылғанына 2 жыл енді ғана толатындығын ескерсек, алғашқы жылдың ішінде қажетті концепция, адаптация , тәрбие жұмысы жайлы бағдарламаларды жазып, оны қолданысқа енгізуіміздің өзі үлкен еңбек. Қазір біз осы бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, баланы жан-жақты дамыту үшін жұмыс жасаймыз. Сонымен бірге өзімізде бар тәжірибені өзгелерге тарата отырып, тәрбие саласындағы әдіс-тәсілдермен алмасып отыруды да естен шығармаймыз. Тәрбие мен білім егіз ұғым. Демек, өзгелерді үйрете жүріп өзімізде үйрене береміз, -дейді жатақхана меңгерушісі Қалжан Омарбаева.
Тәжірибе алмасу мақсатында мектебімізге келген «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицей интернатының тәрбиешілері өздеріне қажетті көптеген ақпараттарға қанығып, нақты көмектер алды. Алдымен мектеп іші мен жатақханасын аралап көрген қонақтар семинарға да қатысып, жатақхана тәрбиешілерінің әзірлеген түрлі тақырыптағы  әдістемелерімен танысты. Мәселен, «Жатақхана жұмысын тиімді ұйымдастыру жолдары», «Жатақхана жағдайындағы Action research», «Жатақхана жағдайындағы оқушылардың шетел тілін меңгерудегі қиындықтарын шешудің тиімді әдіс-тәсілдері» сынды баяндамаларды слайдтар арқылы көрсете отырып түсіндірді. Тіптен жатақханадағы үйірме жұмыстарынан шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, еркін пікір алмасу мен кері байланыс жасауға да уақыт табылды.
Өз кезегінде жатақхана тәрбиешілері баланы қоғамға пайдалы етіп тәрбиелеуде әлеуметтік жобалардың алатын рөлі ерекше екендігін атап өтті. Мәселен, жатақхана тәрбиеленушілерінің қаламыздағы қарттар мен мүгедектер үйі, мектеп-интернат, балабақшалармен тұрақты түрде бірлесе қарым-қатынас жасауы оқушының адами қасиеттерін дамытуға ықпал етеді екен.Сонымен қатар әр баланың жеке даму ерекшелігіне мән беру арқылы оның бойындағы қабілетті ұштауда да тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан зор.
Семинарға қатысушы қонақтар өздерін толғандырған сауалдарын жолдай отырып, үлгі алар істердің көп екенін тілге тиек етті. Мәселен, «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицей интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, майор Бауыржан Дүйсебаев екі білім мекемесі тәрбиешілерінің мақсаты бір екенін айта келіп, енді іс-тәжірибеде сынап көрсек деген ұсынысын ортаға салды. Бұл ұсыныс бойынша тараптар алдағы уақытта екі мектеп оқушыларын қатыстыра отырып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Осылайша, Назарбаев Зияткерлік мектептері жатақханасы тәрбиешілерінің тәжірибесін тарату жұмысы басталып та кетті.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.