Желілік жобаның жемісі

Ағымдағы оқу жылының алғашқы жарты жылдығы аяқталар тұста мектебімізде нағыз шығармашылық кеш өтті. Мектебімізге қабылданғандарына санаулы ғана ай өткен 7 сынып оқушылары «100 ән», «100 күй», «100 кітап» жобалары аясында үйренген өнерлерін ортаға салып, ұстаздары мен ата-аналарын қуанышқа бөледі. Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептеріне ғана тән аталмыш жобалар қолға алынғалы дарынды оқушыларымыздың тағы бір қырлары ашылып, білім мен өнерді қатар алып жүре алатындықтарын дәлелдеп келеді.

– Бұл жобалардың қайсын алып қарасаңызда тәрбиелік мәні зор. Біз мектебімізге қабылданған 7 сынып оқушыларының барлығына бірдей осы жобаларға қатысуды міндеттейміз. Өйткені, осы жобалар арқылы олар қазақтың қара домбырасы, оның күйі, әні жайлы қажетті ақпараттарды алады. Ал «100 кітап» жобасының аясында қазақ, әлем  әдебиетінің көрнекті тұлғаларының туындыларын оқып, танысады. Оқушыны оқыта отырып, түрлі саладағы өнерге баулу біздің мектебіміздің негізгі ұстанымдарының бірі. Бүгінгі шара арқылы шәкірттеріміздің қабілетін байқауға бел будық, -дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.

Есепті концерт Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін хорда орындаумен басталды. Дауыс иірімдері бір арнаға тоғысқан 7 сынып оқушылары одан әрі «Отаным» әнін шырқап, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктерін паш етті. Әннен хабары бар шәкірттеріміздің тағы бір өнерін күй тартқанда көрдік. 100 оқушыдан құралған домбырашылар оркестрі Абайдың  «Тор жорға»- сын нақышына келтіре орындаулары көрген адамның таңданысын тудырмай қоймады. Өйткені, айналасы 3 айдың ішінде компазициясы қиын күйді меңгеріп шығу оңай шаруа емес. Театрландырылған көрініс арқылы «100 кітап» жобасы аясында оқыған шығармаларынан сахналық үзінділер қойған оқушылар әртістік қабілеттерінің де бар екенін дәлелдеді. Мәселен, 7 «А»сыныбының оқушылары «Ромео мен  Джульетта»,  7 «В» сыныбы «Менің атым Қожа», 7 «С» сыныбы «Белый бим черное ухо», 7 «Д» сыныбы «Волшебник Изумрудного города»  қойылымдарын шеберлікпен көрермен назарына ұсынды.

– Осыдан біраз уақыт бұрын қызымыз осы мектепке түскеніне бір қуансақ, баламыздың болашағына таңдауды дұрыс жасағанымызға тағы бір мәрте қуанып отырмыз. Мектеп оқушыларына арналған «100 ән», «100 күй», «100 кітап» жобаларының өміршең әрі пайдалы екендігіне шүбә жоқ. Ұлттық өнерімізді насихаттап, өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиеттерді сіңіруде де өзіндік орны бар бұл шаралардың алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенемін. Азғана уақыттың ішінде өнердің 3 түрлі саласын қатар меңгерген балаларымыз үшін ұстаздар қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, -дейді Нұргүл Садықова есімді ата-ана.

Концерт мектеп хореографтарының көмегімен дайындалған түрлі би флешмобтарымен әрленіп отырды. Кеш соңы мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың ыстық ықыласқа толы алғыстарымен қорытындыланды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.