Мектеп жайлы


Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2009 жылдың 13 қыркүйегінде ашылған. Білім ошағы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстандағы 20 мектептің бірі. Қазіргі таңда мектептің 7-12 сыныптарында 700-ге жуық бала білім алып, 190-ға жуық педагогикалық және соларға теңестірілген қызметкерлер еңбек етеді.

Мектеп жанында 120 балаға арналған жатақхана бар. Жатақхана тәрбиеленушілерінің денін ауылды жерлердің балалары құрайды. Мектеп дәл осы жатақхана тәрбиеленушілерінің күнделікті және демалыс күндерінде лайықты жағдайда білім алуын, тұруын, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Мектеп 2016-2017 оқу жылында білім саласында жоғары стандарттар мен соңғы жаңалықтарға қол жеткізгендер ұйымы саналатын халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) халықаралық аккредитациясынан өтті. CIS ұйымына мүше болу мектептің дамуы мен үнемі өзін-өзі жаңғыртып отыруға перспективалық жол ашады. Бұл өз кезегінде мектептің жоғары сапалы білімге ұмтылатындығын дәлелдейді.

Мектепте оқушылар, мұғалімдер, қызметкерлер мен ата-аналардың бірлесе жұмыс жасауының нәтижесінде басшылық нұсқаулар әзірленген. Зияткерлік мектептің миссиясы – оқушылардың көшбасшылық сапасын дамыту, оларға сапалы білім беру мен үш тұғырлы тілдік ортаны қалыптастыру.

Мектеп «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» ортақ білім беру бағдарламасын қолданады. Бұл бағдарлама «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұстаздары мен Cambridge Assessment International Education кеңесшілерімен бірлесе отырып әзірленген ортақ жоба болып табылады. Мектебімізде қолданылатын білім беру бағдарламасының моделі: негізгі мектеп (7-10 сынып), жоғары мектеп (11-12 сынып) сынды 2 сатыдан тұрады. Мектептегі бағдарлама оқушының белгілі-бір көлемде білім алуға ғана емес, оқу мен күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды шешуге үйрететін, сонымен бірге көздеген жетістігіне жетуге жетелеуге бағытталған. Мектеп бағдарламасында оқушылардың жасерекшеліктеріне қарай олардың сыни ойлау мен өзін-өзі тәрбиелеуді дамыту ескерілген. Бағдарлама сонымен бірге қазақ, орыс, ағылшын тілдерін бірде дамытуға бағытталған. Еліміздегі үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру үшін пәндер осы үш тілде қатар беріледі.

Ғаламдық ойлауды дамыту біздегі білім бағдарламасының бір өзегі. Ол клуб, жобалар арқылы қолдау тауып отыр. Аталған бағытты дамытуда 11 сыныптардың оқу жоспарына енгізілген «Жаһандық перспективалар» пәніндегі «БҰҰ моделі», 7-10 сыныптардың сабақтан тыс уақыттағы «Жаһандық бастамалар клубы» -ның үлесі зор.

Бағдарлама аясы мектеп оқушыларының таңдауына қарай жұмыс жасайтын элективті курстармен кеңейіп отыр. Солардың ішінде ең танымалдары «STEM», «Ойлау дизайны», «Драма», «Design thinking», «Робототехника», «Сыни ойлау». Оқушыларымыз АҚШ-тың жетекші оқу орындары (Стенфорд, Д.Хопкинс, Колумбия) университеттерінде жазғы курстарға қатысып тұрады.

Мектепте критериалды бағалау жүйесі қолданылады. Мектеп түлектері сыртқы жиынтық бағалаудан өтеді. Сыртқы жиынтық бағалаудың рәсімдері принциптері озық халықаралық тәжірибелерге негізделген әрі Cambridge Assessment International Education әдісімен келісіледі.

2011 жылдан бастап мектебімізде ағылшын тілін жетік білетін ортаны қалыптастыру, ұстаздардың тәжірибе алмасуы мен оқушылардың интернационалистік және мәдениетаралық түсініктерін дамыту мақсатында шетелдік мұғалімдер сабақ бере бастады.

Бұдан бөлек, Малайзиядағы ханзада Уэльс атындағы халықаралық мектебі, американдық Furr high school (Хьюстон қаласы, Техас штаты), ағылшындық «Ratton school» (Брайтон қаласы) сынды шетелдік білім ошақтарымен әріптестік орнатылған. 2017 жылы Үндістанның Мумбай қаласындағы Халықаралық бакалавриат (IB) мектебімен тұрақты байланыс орнатылды.

Мектеп қызметкерлерінің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде олар мектеп ішінде, мектептен тыс және онлайн арқылы өз білімдерін дамыта алады. Мәселен, бірқатар мұғалімдеріміз магистрлік бағдарламамен іс –тәжірибе арқылы АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Назарбаев Университетінде білім алып келді.

«Оқушылар дарынын дамыту», «Функционалдық сауаттылықты дамыту және оқушылардың білім жетістігін тестік тапсырмалар арқылы бағалау» ұстаздардың мектепішілік біліктілігін арттыру жүйелі түрде қазақ және ағылшын тілдерінде өткізіледі. Семинарларда «Жаңа медиа технология», CLIL –мен білім алады. Шетелдік мұғалімдер оқушыларды бағалауды формативті бағалауды ұйымдастыруға байланысты мектепішілік семинарлар өткізеді. Сонымен бірге шеберлік сағаттарын өткізеді. Ал кураторларымыз үшін жаһандық азаматтық пен БҰҰ тұрақты дамуы үшін семинарлар ұйымдастырады.